Facebook биліктің қысымына ұшырады  - на tech.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на tech.bugin.kz Марғұлан Ақан

Марк "соғыс жағдайында" отыр

Facebook-тің негізін қалаған Марк Цукерберг компанияны "соғыс жағдайында" басқаруға мәжбүр болып отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы Цукербергке жақын дереккөздерге сілтеме жасаған Wall Street Journal (WSJ) хабарлады.

Цукербергтің сөзінше, компания АҚШ Конгресі, инвесторлар мен қолданушылардың қысымына ұшырап отыр. Цукерберг осыған байланысты топ-менеджерлер әлеуметтік желінің қауіпсіздігі және аккаунттар санының баяу артуы сияқты мәселелерге жедел жауап қатуы тиіс деп санайды.

Басылым дерегінше, Цукерберг жұмыс істеу тәсілдерін өзгерткендіктен кейбір негізгі менеджерлер қызметтен кетуге мәжбүр болған. Олар Цукербергтің суреттер жариялайтын қосымшаларға қолданушылардың геолокациялық мәліметтерін Facebook-ке жолдауға мүмкіндік беру жөніндегі ұстанымымен келіспеген.

Wall Street Journal сонымен қатар Цукерберг пен бас атқарушы директор Шэрил Сэндбергтің қатынасы шиеленісе бастағанын да хабарлады. Цукерберг оны және оған бағынышты құрылымды Cambrdige Analytica компаниясынан туындаған дауға байланысты айыптаған.

Өткен аптада New York Times газеті Facebook былтыр PR агенттігіне өзін сынайтындардың беделін түсіруге тапсырыс бергенін хабарлаған. Wall Street Journal-дың мәліметінше, мұндай қызметке компанияның қоғаммен байланыс департаментінің қателігінен тапсырыс берілген. 16 қарашада Сэндберг бұл қателікті мойнына алған.

Facebook былтыр Cambridge Analytica компаниясы 50 миллион қолданушының мәліметін саяси жарнама жасауға жинағаны әшкереленген соң қатаң сынға ұшыраған. Марк Цукерберг мәліметтер базасының бұзылғанына және саяси кампания кезінде әлеуметтік желінің "жалған хабар" таратып, жеккөрушілікті тудыруда пайдаланылғанына кінәлі екенін мойындаған.

 

0 Пікір Кіру