Smart Шымкент: Білім беру саласындағы сандық жобалар қандай? - на tech.bugin.kz
Bugin.kz - на tech.bugin.kz Bugin.kz

Автоматтандыру

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Smart City» жобасы қолға алынды. Ондағы мақсат – қала тұрғындарын жайлы өмірмен қамтамасыз етіп, қоғам өмірінің барлық саласын барынша автоматтандырып, өмір сапасын арттыру болып табылады.

«Ақылды қала» жобасын алдымен Нұр-Сұлтан (Астана), Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды сияқты қалаларда жан-жақты енгізу жоспарланып отыр. Осыған сәйкес, қазіргі таңда әрбір облыс қажетті бағытын таңдады. Ол бойынша, Астана – қоғамдық қауіпсіздік пен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық сала, Алматы – көлік саласын тиімді басқару, Шығыс Қазақстан облысы – экология мен бизнес, Жамбыл облысы қауіпсіздік, Батыс Қазақстан облысы – денсаулық сақтау мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы, ал Оңтүстік Қазақстан облысы білім беру саласында ақпараттық технологиялары кеңінен пайдалануы қажет. Бұл бағыттар әрбір аймақтың өзіндік дамуына жол ашып, жақсы нәтижелерге жетуге жәрдемдеседі.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласында білім беру саласында Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметін автоматтандыру» жобасы жүзеге асырылды. Жоба техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында гранттарды қалыптастыру және бөлуді, құжаттарды қабылдауды автоматтандыруды, электрондық журналды енгізу, оқытушылар мен аудиториялық қордың жүктемесін басқаруды көздейді.

- Білім саласын сандық формаға көшіру бойынша атқарылған шаруаларға тоқталар болсам, биыл балабақша кезекке тұру толығымен ақпараттық жүйеге ауыстырылды. Сондай-ақ мұғалімдерді жұмысқа алу да ақпараттық жүйеге алмастырылды. Яғни, мұғалімдерді жұмысқа қабылдауға адами фактор әсер етпейді деген сөз. Бұл өз кезегінде жемқорлықтың алдын алып, байқаудың таза өтуін қамтамасыз етеді, - дейді Шымкент қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Айдос Оспанов.

Сондай-ақ, білім саласында берілетін 8 мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Оның ішінде білім беру ұйымдарына бала қабылдауға құжат қабылдау қызметі де бар.

Ал білім саласында балабақшаға электронды кезек және жолдама беру, 1-ші сыныпқа қабылдау, мұғалімдерді қабылдау жүйесі оңтайландырылды.

- Тағы бір айта кететін жобамыз – бұл білім беру ұйымдарын жылытуды автоматтандыру. Бұл тұрғын үй шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан Әлеуметтік нысандарға IoT элеметтерін енгізу» жобасы арқасында жасалады, - дейді басқарма басшысы.

Жоба мектептер, балабақшалар және ауруханаларда жылу беру маусымының барысын бақылау, әлеуметтік нысандарға электр энергиясын, суды тұтынуды есепке алу үшін есептеу құралдарын орнатуды, жылыту маусымының мониторинг процесін автоматтандыруды қарастырады. Қала аумағындағы мектеп, балабақшалар және ауруханалардың жалпы саны 254 құрайды, алайда қаражат тапшылығына байланысты жоба 127 нысанда  жүзеге асырылады.

0 Пікір Кіру