EMERGE x TURKISTAN: Қазақстанда халықаралық tech-конференциясы өтеді  - на tech.bugin.kz
Bugin.kz - на tech.bugin.kz Bugin.kz

Конференцияда Microsoft, Samsung, Huawei, PicsArt, Google, Facebook, Amazon, Speaker Examples, Abbyy, Uber, Revolut, skyeng, MTS, Alibaba өкілдерімен жүздесуге мүмкіндік болады

21-22 наурыз күндері Түркістанда Наурыз мерекесі қарсаңында EMERGE x TURKISTAN халықаралық tech-конференциясы өтеді. Жыл сайын Шығыс Еуропада өтетін халықаралық шара биыл алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылмақ.

Конференцияның басты мақсаты — жастар арасында дамып жатқан tech-хабты қолдау. Аталмыш шара "Bilge" Халықаралық инновациялық шешімдер орталығының ұйымдастыруымен AqJaiyq музыка мектебінде өтеді.

BUILD&GROW Stage - танымал халықаралық спикерлер, ал X Stage - инвесторлар, фаундерлер, стартаптар алаңы болмақ.

Сонымен қатар бағдарламада нетворкингке қатысты менторлық сессиялар, 1 on 1 форматында инвесторлар мен фаундерлер кездесуі, әйелдер көшбасшылығы мен кәсіпкерлігі бойынша дөңгелек үстелдер ұйымдастыру жоспарланған.

EMERGE алғаш рет 2018 жылы өтіп, tech-ұйымдардың қызығушылығын танытқан болатын. Нәтижесінде бір жылда 22 елден 1500-ден астам адам келіп қатысқан. Ал былтырғы жылы 43 елден 2100-ден астам келген.

Конференция нәтижесінде IT-мамандар индустриядағы соңғы трендтерден хабардар болып, өз байланысын кеңейтуге мүмкіндік алады. Инвесторлар болса, сапалы жобалар мен кәсіби серіктестер табуына ықпал етеді.

EMERGE жобасы Flint Capital, Speedinvest, Earlybird Ventures, bValue VC, Overkill Ventures, Bulba Ventures, Sistema VC секілді 300-ден аса инвесторлар мен 20-дан аса елдің акселераторларымен байланыс орнатқан.

Ұйымдастырушылар EMERGE-нің түркі дүниесінің рухани астанасында өтуі де кездейсоқтық еместігін айтады. Рашид Абатұлы Түркістанды стартаптар үшін қолайлы орта және технологиялық хаб ретінде жаңғыртуды алға қойған.

Сондықтан EMERGE технологиялық, инновациялық компанияларды құру мен дамытуға, оны кең көлемде дамытуға қызығушылығы жоғары азаматтарды шақырады.

Бұл конференцияда Microsoft, Samsung, Huawei, PicsArt, Google, Facebook, Amazon, Speaker Examples, Abbyy, Uber, Revolut, skyeng, MTS, Alibaba өкілдерімен жүздесуге мүмкіндік болады.

Шара аясында стартаптарға өз жобасын ұсынып, инвесторларды тартуға және 10 000 АҚШ $ ұтып алуға мүмкіндік болады. Арнайы қала әкімінің қолдауымен EMERGE CHALLENGE KZ питч конкурсы ұйымдастырылып, 14 000 $ сыйақы беріледі (1 орын — 10 000 $, 2 орын — 3 000 $, 3 орын — 1 000 $). Сонымен қатар мықты деп танылған 5 стартап питч конкурсының жартылай финалына автоматты түрде өтіп, 2020 жылдың 1-2 маусымында өтетін Минсктегі Emerge жобасына EMERGE x TURKISTAN атынан қатысады. Айта кетейік, өтінімдер 12-наурызға дейін қабылданады.

Конференция арнайы шақыртумен, ақысыз өтеді. Қатысушылар тізімінде болу үшін https://emergeconf.io/turkistan/kz сайты арқылы өтінім тастай аласыз.

0 Пікір Кіру