Сананы дүр сілкіндірген Segwаy  - на tech.bugin.kz
Әсем Пірмағамбет - на tech.bugin.kz Әсем Пірмағамбет

Таң қалуға бір-ақ сәт жетеді, ал таң қалдыруға адамның ғұмыры да жете бермейтін мына заманда, расымен де, көңіл қылын шерту күннен күнге қиындап баратындай

Сан түрлі техникалар «бірінің жыртығын бірі жамап» жатқанымен, адамзаттың көңілі елең етер жаңалықты аңсайды да тұрады. Сол аңсаған жандардың асыл арманын орындап, әлемді дүр сілкіндірген техниканың бірі-Segwаy(Сегвей) құрылғысы десек, еш артық айтқандық емес.

Сегвей-жүргізушінің өз тепе-теңдігіне иек арта отырып қозғалысқа түсетін, жаңа, инновациялық, шусыз, қос дөңгелекті қозғалыс құралы. Аталмыш құрылғы жаңа заманның экологиялық мәселелерін ескере отырып жасалғандықтан, табиғатқа келтірер еш зияны жоқ екендігін алға тарта айтқан жөн. Сегвей ешбір жанармайды қажетсінбейді, сәйкесінше ауаға да зиянды газдарды бөлмейді. Ең қызығы, толығымен тоққа негізделіп құрылған құрылғыны бар болғаны 4 сағат қуаттау қажет екен. Есесіне сегвей сізге 40 шақырымға дейін созылатын 8 сағаттық қызықты,ең бастысы қауіпсіз саяхатты сыйлайтыны анық. Жылдамдығы 20км/сағ-қа пара пар келетін бұл ғажайып құрылғы велосипед, мотоцикл және скутердің алдында өз артықшылығын толығымен дәлелдеп, жеке көлік ретінде танылып үлгерді десек те болады.

Сегвейдің тарихы АҚШ елінен бастау алады. Өз идеясын жүзеге асыруға 10 жылдан астам өмірін сарп еткен Дин Кеймен есімді ғалым бұл құрылғыны 2001 жылдың желтоқсан айында бүкіл әлемге тарту еткен болатын. Сол заматта таңдай қағып, ішек тартпаған адам қалмаған шығар, сірә. Міне, арада 18 жылдың жүзі өтсе де, адамдардың сегвейге деген қызығушылығы еселенбесе, кеміген емес.

Сегвей тек көңіл көтеруге арналған құрылғының бірі десек, әсте қате болар. Себебі ол әр мемлекетте әр түрлі қызметімен танымал екен. Мәселен Люксембург және Швеция мемлекеттерінде сегвей велосипедке теңестірілетін көрінеді. Ал Германия, Дания, Гонконг, Нидерланды және Жапония елдерінде аталмыш құрылғы мотоциклмен қатар бағаланады. Яғни бұл елдерде сегвейді қолдану үшін қалтаңызда жүргізуші куәлігі болуы міндетті екен. Бұл сегвей жайлы қызықты ақпараттың соңы емес. Германия, Швейцария және АҚШ-тың кейбір штаттарында полиция қызметкерлері дәл осы сегвеймен көшелерді аралап, тәртіп бұзушыларды назарында ұстап отырады екен.

Иә, сегвейдің төңірегінде әңгіме қозғаған сайын іште қалып кететін бір мәселе бар-ды. Бұл оның бағасына қатысты жайт. Сегвейдің атағын шарықтата жырлап жазган блогерлер мен журналистер оның құны жайлы тіс жарып айтқан емес. Дәл бүгінгі таңда сегвейдің бағасы 350000-400000 теңге аралығын құрап отыр. Ал бұл бағаны, әрине, әркімнің бір қалтасы көтере бермейтіні анық. Оның үстіне, сегвейдің маңызы Қазақстанда еленіп отырмағандығы тіпті жасыруға келмейді. Мәселен, еліміздің ең ірі мегаполистерінде сегвейді сатушылар немесе жалға берушілер саны өте аз. Сырттан келген туристер қаланы барынша көліксіз аралағысы келсе, бірден осындай техниканы іздері сөзсіз. Ал бізде жалға беретін велосипедтерден өзе ұсынарымыз жоқ. Сондықтан да мен сегвейлердің жаппай жалпыға ортақ құрылғы ретінде қалаларымыздың көшелерінде самсап тұруын қолдаймын.

Әрине, сегвей ХХІ ғасырдағы адамзаттың қол жеткізген жетістіктерінің тек бір бөлшегі ғана. Алайда болашақ дегеніміз осындай бөлшектерден құралатын «алып кеме» емес пе? Мен барша жастарды осы «болашақтың кемесін» бірге құрастыруға шақырамын!


0 Пікір Кіру