Серікболсын Дүйсенбай: Қазақстандағы ғылымды, математиканы жаңа деңгейге көтеру қажет - на tech.bugin.kz
Көгершін Тілегенқызы - на tech.bugin.kz Көгершін Тілегенқызы

Сауд Арабиясы мен Қазақстандағы білім жүйесінде қандай айырмашылық бар?

Н.Назарбаев университетінің түлегі, математика магистрі, докторант, бірнеше кітаптың авторы, дәл қазіргі сәтте Сауд Арабиясындағы  KAUST  университетінде білім  алып жатқан Серікболсын Дүйсенбаймен  сұхбаттасқан болатынбыз.

Ғылым жолына түсіп, шет ел асып білім алу үшін қандай баспалдақтардан өттіңіз?

2011 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Павлодар облыстық қазақ гимназия-интернатын «Алтын белгіге» бітіріп, Назарбаев университетін инженерия мамандығы бойынша тәмәмдап, 2016 жылы Сауд Арабиясындағы KAUST университетіне құжаттарымды тапсырдым. Университетке түсу үшін 3-4 емтихан тапсырып, Стамбулдағы бетпе-бет сұхбаттан өттім. Оқуға түсуіме мектеп кезінен бастап алған білімім, университет қабырғасында жүргендегі белсенділігім, академиялық жағынан жетістіктерім көмегін тигізді.

Өзіңіз білім алып жатқан Сауд Арабиясындағы KAUST туралы толықтай айтып өтсеңіз?

- Университет Король Абдулланың бұйырығымен салынған. Король 2009 жылы 20 миллиард $ бөлген. Қаржының арқасында шет елдерден білікті профессарлар келіп сабақ береді. KAUST университетінің ашылғанына 9 жыл болды. Қазіргі таңда әлем бойынша ғылыми жұмыспен айналысу жағынан бірінші орынға шыққан, бұл жерде тек ғана магистратура мен докторантура оқытылады. Бюджеті бойынша әлемдегі ең бай үш университеттің қатарына кіреді. Студенттерге барлық жағдай жасалған. Тұратын үйлері – таунхаустар. (екі қабатты пәтерлер). Кампус ішіндегі шағын автобус тегін. Осы жылдар ішінде студенттерге барлық жағдай жасалынады ( медициналық қызмет, жататын орын, спорт орталықтары тегін). Магистратураны 1,5-2 жыл, докторантураны 4-5 жыл оқимыз. Шет елден келген студенттер өздерінің отбасыларымен бірге көшіп келе алады. Оларға да барлық жағдай қарастырылған. Университет қызыл теңіздің жағасында орналасқан. Бізге жағажайда демалып, уақыт өткізуге де мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл жақта қыс болмайды.

- Сауд Арабиясы мен  Қазақстанды салыстырып айта аласыз ба? (Университеттердегі білім беру жүйесі, халқының тұрмыс-тіршілігі, жалпы өзіңізге бірден байқалған ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы )

Бұл жердің мәдениеті, тілі мүлде бөлек. Әрине, дініміз ортақ. KAUST университеті Меккеге өте жақын орналасқан (120 шақырым).

Университеттің білім беру жүйесі біздің Назарбаев университетінің оқу бағдарламасына өте ұқсас. Яғни, шет елден профессарлар сабақ береді және лабораториялары да жоғары деңгейде жұмыс жасайды. Бұл жердегі халықтың тұрмыс тіршілігі өте жақсы. Қалашық халықаралық орталық болғандықтан барлық мемлекеттерден әртүрлі халықтар тұрады. Барлығы бір-бірін сыйлайды. Бірақ, бұл жабық қалашық болғандықтан біз Сауд Арабиясындағы халықтың тұрмыс-тіршілігімен етене жақын араласа бермейміз.  

Қазақ еліне қызмет етіп,  еліміздің ғылымының дамуын жақсарту үшін дәл қазір неден бастау керекпіз?

Мен барлық ықыласым, фокусым дәл қазір өзімде. Себебі, өзім әсер ете алмайтын нәрселерге энергиямды босқа жұмысағым келмейді. Ақылы жоқ, бірақ пікірі бар адамдардың қатарынан да болғым келмейді.

«Тәрбие - тал бесіктен» демекші мектеп кезінен басталған фундамент өте мықты болуы керек деп ойлаймын. Егер, мектеп қабырғасындағы оқушы болашақта ғалым болғысы келсе, мектеп кезінен бастап барлық ғылымның фундаментін жақсы зерделеу керек. Басқа саланың маманы болғысы келсе, өзіне қажетті дүниелерді алып, артық пәндерді терең емес, үстіртін білсе де жеткілікті. 

Елімізде  көптеген ғылыммен айналысатын азаматтарды біз дер кезде бағалай алмай жатқандықтан ба әлде шет елдегідей жағдай жасалмағандықтан ба сол жақта қызмет еткенді дұрыс санайды.Осы жайлы сіздің пікіріңіз ?

АҚШ, Еуропада ғылымға жасалып жатқан жағдаймен біздің елімізде ғылымға жасалып жатқан жағдайды салыстыруға келмейді. Себебі, ол жақтарда барлық әлемнің мықты ғалымдары бір жерлерде шоғырланған және де әлемге танымал миллардерлер арнайы грант көп бөледі. Олардағы ғылым жақсы дамуда. Ал сол жақтарда жүрген Қазақстанның жастары ол жақта толықтай қалып қояды деп ойламаймын. Себебі, көбі тәжірбие жинағысы келеді. Докторантураны бітіріп, Қазақстанда бірден жақсы жұмысқа орналаса алмайды. Лабораторияның өзіне жақсы жағдай жасалмайтыны белгілі нәрсе. Сондықтан біз сияқты көп студенттер шетелге барып жұмыс істеп, белгілі бір тәжірбие жинап, Қазақстанда жақсы ғылыми топ, лаборатория аша алатындай жағдайда келгісі келеді. Бұл жерде материалдық жағдайда маңызды рөл ойнайды. Мен өзім де докторантураны бітіріп, шет елде біраз уақыт тәжірбие жинап, міндетті түрде елге оралғым келеді.Басты мақсатым– Қазақстандағы ғылымды, математиканы бұрын болмаған деңгейге көтергім келеді.

 Ғылыммен айналысудан басқа қандай іспен айналысқанды жақсы көресіз?

Мен кітап оқу үшін де арнайы уақыт бөлемін. Менің ең жақсы көретін істерімнің бірі - бала оқыту. Қазір шет елде жүргендіктен, Қазақстандағы оқушыларды онлайн түрде оқытып жүрмін. Қалған уақыттарда спорт залға барамын, жүзуді жақсы көремін. Басқа жетістікке жеткен адамдардың курстарын алғанды жақсы көремін. Бос уақытымды өзімді дамытумен айналысқанды жөн санаймын.

Жеке тұлға ретінде өзіңізді қалай дамытасыз? (көп адамдарға жетіспей жататын мотивация, ерік-жігер, жалықпай еңбек  ету үшін)

Ең қиыны – өзіңді жеңу. Біріншіден, денсаулығыма аса көңіл бөлемін. Екіншіден - рухани байлық. Ол үшін психологиялық, бизнес кітаптарды көп оқимын. Соларды өмірде қолдану, қазіргі мақсаттарымның бірі. Одан кейін, материалдық жағдай. Қосымша онлайн сабақтар беремін, кітаптар сатумен айналысамын. Болашақта инвестиция салу үшін, күнделікті бір жаңа адамдармен танысу, олардан жаңа нәрсе, мотивация алуды да естен шығарған емеспін.

Сұхбатыңызға рахмет!

0 Пікір Кіру