Жасырын бейнекамераның артықшылықтары - на tech.bugin.kz
Азат - на tech.bugin.kz Азат

Тасадағы "папарацци"

Бүгінде қазақстандықтардың көп бөлігі өмірінің, дүние-мүлкінің қауіпсіздігіне келгенде өте қатал. Инновациялық заманның басты жемістерінің бірі – бейнебақылау жүйесі, осы мәселені шешуде айтарлықтай рөл атқарып келеді. Кез-келген «жауапты» мекеменің әр бұрышында және сауда үйлерінде, метрополитен сияқты адамдардың толассыз көп жүретін орындарда, қауіпсіздік жүйесінің кепілі ретінде – бейнебақылау камералары орнатылады. Оны көріп жүрміз, әдеттегі көрініс. Десек те, бейнекамералардың «жасырын» түрін орнататындардың да қатары көбейіп келеді. Оның бірнеше себебі бар.

Ең алдымен жасырын бейнекамера – аты айтып тұрғандай, сырт көзге көрінбей түсіруінде, яғни «ұрлықшыны қолға түсіру мүмкіндігі жоғары болады» дегендей қауіпсіздік сапасын анағұрлым арттырады. Ұрлыққа түсіп жатқан адам - «назар аударыңыз, бейнебақылау жүргізіледі!» деген ақпараттық таңбаны көргенде, өзін еркін ұстай алмайтыны анық. Ал жан-жағын көзбен сүзіп өтіп, бейнекамераны таппағаны, тіпті ойынан қайтарып жіберуі де мүмкін. Сонымен қатар, жасырын бейнекамералар тек қана визуалды видео жазумен емес, аудиоформаттағы жазбаны да жүргізеді. Бұл басымдық әсіресе үйдегі бала тәрбиелеушілердің жұмысына жасырын бақылау жүргізуге көп септігін тигізеді дейді интернет-форумда пікір білдірушілер.

Заман ағымына қарай, жасырын бейнекамералар портативтік типтерге ауысуда. Яғни, тікелей тоқ көзінен қуат алмай, адам саусағынан кіші болатын қуаттағыш батареялардың көмегімен тәуліктеп жұмыс істей алады. Оларды көлеміне қарай үйдің, ауланың, сауда орындарының кез-келген адам көрмейтін жеріне орналастыруға болады. Заманауи бейнебақылау камераларында қозғалыс, дыбыс сезбектері құрылғының негізгі басымдықтарының бірі. Камераның бақылау зонасында ешқандай дыбыс, қозғалыс болмаса ол ештеңені жазбайды, сәйкесінше құрылғының жады тек керек ақпаратпен толатын болады.

Қазақстан нарығына жасырын бейнебақылау камералары 2000 жылдардың басында келді. Бағасы сапасы мен брендтік типажына қарай 6000 теңгеден бастап 1 миллион теңгенің арасында.

0 Пікір Кіру