Қазақша мәтіндегі қатені түзейтін программа жасалды - на tech.bugin.kz
patick - на tech.bugin.kz patick

Sawat программасында әзірше 48 мың сөз бар

Программашы Ерлан Оспан қазақ тілінің емлесін тексеретін программа шығарды. Sawat деген программаның алғашқы нұсқасы (1.0 шығарылым) көбіне сөздің түбірінің қатесін көрсетуге бағышталған.

Sawat – қазір тек  Windows операциялық жүйесіне икемделген программа. Алдағы нұсқаларда сөздік қор толықтырыла түседі. Әзірше сөздік қорда 48 мың сөз бар.

Программаның жұмысы қолданушыларға тікелей байланысты. Сөздік қор мен олардың сауатты болуы қолданушылар жазған сөздерге сай толығып және жаңарып отырады. Қазір сөздік қорды кітаптармен, газеттердегі мақалалармен "оқыту" жүріп жатыр. Келесі нұсқаларда орфографиялық қана емес, грамматикалық қателермен жұмыс жүргізуге көңіл бөлінетін болады.

Алғашқы шығарылымды – қолданушыларды болашақ программаның концепциясымен таныстыруға арналған деуге де болады. Алдағы шығарылымдарда қолданушылардың ескертпелерін жинау және өңдеу механизмдері қарастырылады.

Ерлан Оспан бұл жобаның алғышарттары 2000 жылдардың басында қалыптаса бастағанын айтады. Оның дипломдық жұмысы да мәтінге арналған жүйелерге арналған екен. Автор сол кезден бері осы тақырыпты зерттеуін тоқтатпаған. Көп жылдық жұмыстың нәтижесінде осындай программа іске асып отыр.

Авторды Интернетте, жалпы заманауи құрылғыларға арналған қазақ тілінің жүйелі базасы жоқ екені қынжылтады. Бұл жобаның көп мақсаттарының бірі де осы - қазақ сөздерінің электронды қорларын қалыптастыру және электронды қорлардағы сөздердің таксономиясын жасау, қазақ тілінің емлесі бойынша жіктеп (синонимдер, түстер, т.с.с.), топтастыру.

Жалпыға қолжетімді ортада қазақ тілінің қоры көбейген сайын, оны программалар мен роботтардың түсінуі де жеңілдей түседі. Сәйкесінше болашақта дауыс тану, әмір беру жүйелерін құруға болады, мәтін негізіндегі қазақ тілді компьютерлік және мобил ойындар жасауға болады, қазақ аудиториясына арналған басқа да компьютерлік құралдарды және web-технологияларды дамытуға мүмкіндік туады.

0 Пікір Кіру