FlyArystan лоукостерлері: Жолаушы борттағы қандай қызметтер үшін қосымша ақы төлейді? - на tech.bugin.kz
Bugin.kz - на tech.bugin.kz Bugin.kz

Пайдалы кеңес

FlyArystan (Тікелей аудармасы "Ұшатын арыстан") – Қазақстандағы бірінші лоукостер. Мұнда билет ақшасын үнемдей аласыз ба және ұшу кезінде неден бас тартуға тура келетінін білесіз бе?

Әуе компаниясы 2019 жылдың мамыр айынан бастап күн сайын Алматыдан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Орал, Тараз, Шымкент және Павлодар қалаларына ұшады. Кейін басқа қалаларға да рейс ашылады. Әуе компаниясының паркінде 180 орындық экономкласс салоны бар төрт жаңа Airbus A320 ұшағы бар.

№1. Басқа компанияларға қарағанда FlyArystan билеттерінің бағасы арзан екені рас па?

Рейстерге ең арзан билеттер 5 мың теңгеден басталып (Алматы-Тараз және Шымкент – Алматы бағытында) 12 мың теңгеге дейін (Алматы – Орал бағытында) жетеді. Алайда бұл билеттер тез сатылып кетеді, соған байланысты жолаушыларға одан қымбатырақ билеттер сатып алуға тура келеді. Әуе компаниясының ең қымбат билеті қанша тұрады деген сауалға компания жауап беруден бас тартты: мұндай ақпарат таратылмайды-мыс. Баға сұранысқа, билетті қанша уақыт ерте сатып алатыныңызға байланысты.

Мәселен, қазір 9 мамырға Алматыдан – Нұр-Сұлтан бағытындағы (кейін қайтуға 12 мамырдағысымен бірге) билеттің жалпы бағасы 43 мың теңге болып тұр (ең төменгі тарифпен, жүксіз және борттағы тамақсыз). Осы датаға Air Astana билетті 45 мың теңгеге, SCAT – 39, 5 мың теңгеге, Bek Air – 45, 7мың теңгеге сатып жатыр.

№2. Билетті броньдадыңыз. Броньнан бас тартып, қаражатыңызды қайтара аласыз ба?

Броньды ұшақ ұшқанға 2 сағат қалғанға дейін алып тастауға болады, алайда одан біраз айыппұл ұсталады, тіпті билеттің толық құнының жартысына дейін.

Компанияның "Тиімді" деп аталатын тарифі бар – бұл ең төменгі бағадағы билеттер. Оған тек ұшу мен 5 кг дейінгі тегін қол жүгін тасымалдау қызметі кіреді. Егер жолаушы мысалы 12 мың теңгеге "Тиімді" тарифі бойынша билет сатып алса, одан 10 мың теңгені айыппұл ретінде ұстап қалады, ал қалған ақша кепілхат (ваучер) ретінде жеке кабинетке қайтарылады. Келесіде билет сатып алғанда жолаушы осы виртуалды ақшаны пайдалана алады.

"Икемді" деп аталатын тариф ақшаны қолма-қол қайтару және аударуды қарастырады. Броьнан бас тартқаны үшін 5 мың теңге айыппұл салынады, ұшу күнін өзгерту мүмкіндігі бар. Егер сіз ең қымбат "Жайлы плюс" пакетін таңдайтын болсаңыз, сізге келесі жолы бір рет тегін билет броньдау мүмкіндігі беріледі.

 

№3. Өзіңмен бірге жүк тасымалдау өте қымбатқа түсе ме?

Жолаушы өзімен бірге тек қол жүгін тегін тасымалдай алады. Оның жалпы салмағы 5 кг-нан аспауы тиіс және ол орындықтың астына орналастырылатындай көлемде болуы керек. Қосымша 5 кг үшін рейстің қашықтығына байланысты 2,5-3ммың теңге қосымша ақы төлеу керек.

Жүк алып жүру үшін 3,5 мың теңгеден бастап ақы төлеу керек.Көп дегенде 60 кг жүк тасымалдауға рұқсат беріледі, ол үшін 12-13 мың теңге қосымша ақша төлеу міндетті.

5 жасқа дейінгі баланың жүгі ретінде бір жиналмалы орындық немесе коляска алып жүруге рұқсат беріледі.

Жолаушыларға үш пакет ұсынылады "Стандарт" (ұшу+5 кг дейін қол жүгі), "Жайлы" (Билет, қол жүгі + 20 кг дейін жүк және бір стандартты орын таңдау), және "Жайлы плюс". Егер жүгіңіз болса, "Жайлы" немесе "Жайлы плюс" пакеттерін таңдаған жөн. Өйткені "Стандарт" пакетімен 20 кг дейінгі жүк алып жүру үшін төленетін ақымен билеттің құны қымбатқа түседі.

Егер сайтта багаж алып жүретініңіз туралы ескертпестен, әуежайға шабаданмен келсеңіз, оған алдын ала төленетін ақыдан көп ақша төлеу керек болады. Багаждағы заттардың бүлініп, жоғалуына әуе компаниясы жауап бермейді.

№4. Ұшақта орын таңдау қызметі үшін қанша ақы төлек керек?

Бұл таңдалатын орынға байланысты. Стандартты орындар – 1,5-2,5 мың теңге тұрады, ал алдыңғы қатардағы орындар – 3-4 мың теңге, премиум орындар – 4-5 мың теңге. 2 мың теңге үшін сізге "Отырғызу артықшылығы" қызметі ұсынылады, сізді бортқа бірінші шақырады. Егер сіз орынды алдын ала таңдамайтын болсаңыз, ол тіркеуден өту кезінде кездейсоқ тәртіппен тегін беріледі.

№5. Бала үшін қосымша ақы төлеу талап етіле ме?

Рейс уақытына дейін 2 жасқа толмаған балалар оны алып жүретін ересек адамның алдына отырып, тегін ұшады. 2 жастан жоғары балаларға бөлек орын алу керек. Егер бір қатарға бірден көп бала отырғызылса, экипаж мүшелері сізді басқа орынға отырғызуы мүмкін.

№6. Бортта тамақтануға қанша қаржы кетеді?

Лоукостерде тамақ билет бағасына кіргізілмеген, оны бөлек сатып алуға болады. Жолаушыларға ыстық сусындар, сэндвичтер, тіске басарлар, алкогольді, алкогольсіз ішімдіктер, арнайы комбо-түскі астары ұсынылады. Мәселен, тауық комбосы 1,4 мың теңге тұрады. Оған тауық сэндвичі мен таңдауыңызға қарай – шай, кофе, шырын, компот немесе жергілікті сыралардың біреуі беріледі.

 

№7. Бір стақан су да ақылы ма? Егер сізге дәрі ішу керек болса ше?

Бортсеріктер сізді тегін сусын, тамақтар немесе дәрілермен қамтамасыз ете алмайды. Алайда, қажеттілік туындаса, сізді өз орныңыздан дәретханаға дейін апара алады. Егер жолаушыға дәрі ішуі керек болса, бір стақан су тегін беріледі, алайда компания мұндвй асыра пайдалануға жол берілмейтінін айтады. Егер шұғыл көмек керек болса, бортсеріктер көмектесе алады. Қол жүгінде сыйымдылығы 100 мл көп емес көлемдегі контейнермен су тасымалдауға рұқсат етілетінін есте сақтаңыз. Қызметкерлер сіздің дәрі-дәрмектеріңізді борттағы салқындатқышта сақтай алмайды. Лоукостерлерде қосымша қызметтерге ақы төлеуге міндетті боласыз. Тіпті билетті қағазға шығарып бергені үшін де ақша сұрайды.

Авторы Бауыржан Мұқанов.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Дереккөз: informburo

0 Пікір Кіру