Цукерберг көп миллиард айыппұлды төлемеу үшін Facebook миссиясын ақтады - на tech.bugin.kz
Бірқабатты Америка - на tech.bugin.kz Бірқабатты Америка

Марк Цукербергтің білімі Ювал Хараридің философиясы деңгейіне жете алмады

Жан-жақты білімнің қаншалықты маңызды екенін Марк Цукерберг пен Ювал Хараридің әңгімесінен кейін түсіндім. Цукерберг Хараримен жаңа технологияны талқылап отырып, Фейсбук миссиясын ақтап алуға тырысты. Бірақ Хараридің Фейсбуктің әлемді байланыстыру миссиясынан қауымдастықтар құруға ауысуына қатысты сәтсіз бағыттары жайлы сұраулы ойлары жауапсыз қалды.

Әңгіме жаңа технология мен үлкен ақпарат қоры жайлы болғанда саясаттың араласатыны белгілі. Харари:

- АҚШ өзге елдер үшін үнемі еркіндік пен әділдік символы болды. Ал енді Трамп America First деп ұрандатып, өзін бірінші приоритетке қойып жатыр. Олай болса, біз енді АҚШ-қа, ондағы жаңа технологияға қалай сенеміз? Неге Үндістан азаматтарының Фейсбуктегі ақпарат қоры Үндістанда сақталмайды? Сол сияқты өзге елдердің ақпарат қоры да неге өз елдерінде сақталмайды? - деген сияқты тамаша сауалдар көтерді.

Сұқбаттың басты мақсаты, меніңше, Фейсбук миссиясы жайлы көбірек айтып, оны әртүрлі елдердің алдында ақтап алу болып отыр. Өздеріңізге белгілі, соңғы кездері Фейсбукке айыппұлдар көп салынып кетті. Солардың бірі әрі ірісі АҚШ үкіметі тарапынан болды. Фейсбукке қолданушылардың жеке ақпаратын дұрыс сақтай алмағаны үшін 5 миллиард АҚШ доллары көлемінде төлеуге міндеттелді.

Әңгіме барысында Жасанды интеллектінің адам үшін емес, адамды бақылау үшін көбірек қолданылып кету қаупі жайлы қызық аргументтер айтылды. Расында, Жасанды интеллект біздің, қарапайым тұтынушылардың, нені қалайтынымызды, қандай жол таңдап, қандай тауарды сатып алатынымыздан бастап, кімге үйленіп, қандай өмірлік принциптерді иемденуге дейін біз үшін шешім қабылдауға дейін жеткелі жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің ойлау қабілетімізді өлшеп, дұрыс шешімдер ұсынатын алгоритмдер құрылып жатыр. Ал ондай жасанды интеллект Facebook, Google сынды алып корпорациялардың қолында. Олар оны гуманитарлық мақсатта қолдана ма әлде коммерциялық мақсатқа бағыттай ма? Сол мәселе қазіргі таңда актуалды болып отыр.

Ювал Хараридің екі кітабын оқыдым. Ол тарихшы ретінде Sapiens кітабын тамаша жазған. Ал Homo Deus кітабынан оның тамаша футуролог емес деп айтар едім. Ол өз сұқбаттарының бірінде sci-fi-ға өте қызығатындығын, сол себепті соңғы екі кітабы болашаққа бағытпен жазылғанын айтқан еді. Үшіншісі "XXI ғасырға 21 сабақ" деп аталады. Оған әлі қолым жете қойған жоқ.


0 Пікір Кіру